фото: ашық дереккөзден
Қазақстан ұлттық құрамасы мен алматылық "Қайрат" футбол клубының бұрынғы бас бапкері Вахид Масудов клуб ойыншыларына матчтан кейін берілген автокөліктер туралы пікірін айтты, деп Sportinside.kz тілшісі Sports24.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Масудов өткен мен бүгінді салыстыра отырып, кеңес дәуірінде мұндай сыйлықтардың сирек берілгенін еске алды.
"Кеңес заманында "Волга" көлігін ешкімге жайдан-жай сыйлай салмайтын. Оны сатып алу үшін шамамен 8 мың рубль жинау қажет еді. Кейде футболшы 3-4 жыл ойнаса, көмектесіп жататын, бірақ бәрібір өз қаражатыңнан төлеуің керек болатын. Ол кезде жалақы 250 рубль шамасында ғана еді, сондықтан көлікке ақша жинау оңай болмады", –деді ол.
Бүгінгі жағдайға қатысты маман ойын білдірді.
"Қазіргі "Қайрат" қақпашыларына берілген сыйлықтарға мен қарсы емеспін, әркімнің жеке ісі ғой. Тек менің ойымша, мұндай сыйды жария түрде, телекамера алдында жасаудың қажеті жоқ. Егер сыйлағыңыз келсе, оны тыныш әрі әдемі түрде жасаңыз. Сол кезде мұндай қадамның мәні одан сайын артады", – деді Вахид Масудов.
Еске сала кетсек, биыл күзде «Қайрат» клубының екі ойыншысы демеушілерден жаңа автокөлік сыйға алған еді.
Олардың бірі — Темірлан Анарбеков, ол Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде «Селтикке» қарсы матчта керемет сейвтерімен көзге түсті.
Ал екіншісі — Шерхан Қалмұрза, ол мадридтік «Реалға» қарсы ойында ерекше ойынымен елдің ең танымал футболшысы атанды.