фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы
АҚШ-тың бірінші орта салмақтағы боксшысы Хесус Рамос (23-1, 19 КО) орта салмақтағы әлем чемпиондары – WBO және IBF белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) мен WBA чемпионы Эрисланди Лараның (31-3-3, 19 КО) арасындағы жекпе-жектің нәтижесіне болжам жасады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Бұл жекпе-жекке нақты болжам айту қиын. Бірақ жүрегім Лараның жағында. Ол көптен бері бокста, "Канеломен" де жұдырықтасқан. Мен оны ұзақ уақыт бойы бақылап келемін. Соңғы кездері оның стиліне қатты тәнті болдым. Жасы ұлғайған сайын ол соққыларына көбірек күш салып, керемет нокауттармен жеңіп жүр. Дегенмен Жәнібек те мықты. Тек бір айырмашылығы – Жәнібек әлі шынайы сыннан өткен жоқ. Ал Лара "Канелоға" қарсы да, Джарретт Хердпен де айқасты. Ол бұл соғыстардан өтті. Соңғы жекпе-жегінде Дэнни Гарсияны жеңді. Мұндай тәжірибені елемеуге болмайды. Меніңше, ол артықшылыққа ие. Мен Лараны қолдаймын. Сол күні ол үш белбеумен рингтен кетеді деп сенемін. Ол мені әлі де таңғалдырып келеді", – деді Рамос The SchuZ Show бағдарламасына берген сұхбатында.
Еске сала кетсек, Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лараның жекпе-жегі 6 желтоқсанда АҚШ-тың Техас штаты, Сан-Антонио қаласында өтеді (Қазақстан уақыты бойынша 7 желтоқсан).