фото: видеодан скриншот
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина марапаттау рәсімінде WTA ұйымының бас директоры Порше Арчермен бірге суретке түспеуден бас тартты. Бұған оның жеке жаттықтырушысы Стефано Вуковтың уақытша шеттетілуі себеп болған, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен маусым қорытындысы бойынша марапаттау сәтінде Рыбакина WTA басшысымен қатар тұрудан бас тартып, бұл сәт тікелей эфир кезінде түсіріліп қалды.
Кейін баспасөз конференциясында журналистер Еленадан бұл әрекетінің себебін сұраған. Алайда ол:
"Бұл мәселені мен өзім мен Арчер ханымның арасында қалдырғым келеді", – деп қысқа ғана жауап берді.
Сондай-ақ теннисшіден WTA тарапынан оның жаттықтырушысы Стефано Вуковқа қатысты жүргізілген тергеу жайында пікір сұралды.
"Менің ойымша, бәріміз өз жұмысымызды істеп жүрміз. Біз сөйлесуге мүмкіндік алғанбыз, бірақ ол жүзеге аспады. Сондықтан әркім өз ісімен айналысып жатыр. Алда да солай жалғасады деп ойлаймын", – деді Елена Рыбакина.
Еске сала кетейік, бұған дейін WTA ұйымы Рыбакинаның жаттықтырушысы Стефано Вуковқа қатысты тергеу бастаған болатын.