фото: gettyimages. Суретте: Криштиану Роналду мен Диогу Жота
Португалия құрамасының және Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубының жұлдызды шабуылшысы Криштиану Роналду бұрынғы командаласы Диогу Жотаның жерлеу рәсіміне не себепті қатыспағанын түсіндірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Белгілі журналист Пирс Морганға берген сұхбатында Роналду бұл шешімінің себебін ашып айтты.
"Әкем қайтыс болғаннан кейін мен зиратқа бармайтын болдым. Екіншіден, менің қайда барсам да, бәрі назарын маған аударады. Бұл әрдайым бір шоуға айналып кетеді. Сол себепті бармадым. Өйткені ол жерде басты назар менде болсын деген ойым жоқ", – деді Криштиану Роналду.
3 шілде күні 28 жастағы шабуылшы Диогу Жота ағасы Андре екеуі бір көлікте келе жатқанда, жол апатына ұшыраған. Көлік трассадан шығып кетіп, отқа оранған.
Азаматтық гвардия сарапшыларының мәліметінше, апаттың басты себебі – жылдамдықты асыру. Олардың айтуынша, жасыл түсті Lamborghini Huracan көлігінің рөлінде Жотаның өзі болған.
Алайда оқиға куәгерлерінің бірі түсірген бейнежазбасында көлік оқыс әрекет етпей, баяу және қалыпты жылдамдықпен жүргенін айтқан. Ол дәл сол маркадағы және түстегі көлікті көргеніне сенімді екенін жеткізді.