фото: Ulysmedia.kz. Суретте: Мейірман Шекеев
Қазақстанда азаматтардың көптен күткен жаңалығы жүзеге асты. Енді онлайн түрде алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер үшін қазақстандықтар жауап бермейді.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұл бастама бойынша заңға өзгеріс енгізілгенін хабарлады.
"Біздің ұсынысымыз қабылданды. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап биометриялық сәйкестендірусіз рәсімделген алаяқтық несиелерді банк өз есебінен жабуға міндетті", – деп жазды депутат.
Бұл өзгеріс бойынша, егер азаматтың атына оның келісімінсіз немесе жеке деректері заңсыз пайдаланылып несие рәсімделсе, банк ол қарызды өз қаржысынан өтейді, ал клиент ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.
Белгілі журналист Мейірман Шекеев те бұл жаңалықты жылы қабылдап, өз жазбасында былай деді:
"Халықтың көптен күткен жаңалығы. Әйтеуір депутатымыз шырылдап, нәтиже шығарыпты. Енді алаяқтар сыртынан рәсімдеген несиелер кешірілуі мүмкін. Жақын арада бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін толық түсіндіреміз".