Әбиба Әбужақынова кіл мықтыларды артқа тастап, әлемдік рейтингте көш бастады

Әбиба Әбужақынова кіл мықтыларды артқа тастап, әлемдік рейтингте көш бастады

фото: ijf.org. Суретте: Әбиба Әбужақынова

Қазақстандық дзюдошылардың халықаралық рейтингтегі жаңа көрсеткіші жарияланды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Әбиба Әбужақынова 4596 ұпаймен өз салмағында әлемдік рейтингтің көшін бастады. Ол биыл өткен әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алып, үздік нәтижесімен Қазақстан спортындағы үздік дзюдошылардың бірі екенін тағы дәлелдеді. Спортшы жыл соңына дейін өтетін Абу-Даби және Токио Гранд Слэм турнирлеріне қатысуы мүмкін.

Бұл салмақтағы тағы бір қазақстандық спортшы Ғалия Тынбаева рейтингтің 25-орнында тұр. Ал 63 келіде күресетін, Париж Олимпиадасының қатысушысы Есмигүл Куюлова – 908 ұпаймен 49-орында. Аса ауыр салмақтағы Назгүл Маратова әлемдік тізімде 45-сатыдан орын алған.

Ерлер арасында да бірқатар қазақстандық дзюдошылар жоғары нәтиже көрсетті. Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов – 16-орында, ал оның командаласы Ғұсман Қырғызбаев 14-ші орында тұр. 81 келіде Абылайхан Жұбаназар 13-ші сатыда, -100 келіде Шархан Нұрлыхан 30-шы, ал аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаев 21-орынға табан тіреген.

Айта кетейік, биыл Будапештте өткен әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы жүлдесіз қалған еді. Бұл сында Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев татамиге шыққанымен, жарысты 7-орында аяқтаған болатын.