фото: "Қайрат" футбол клубының баспасөз қызметі
2025 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының жеңімпаздары анықталды. Бұл марапат – қазақстандық жастар арасындағы ең беделді сыйлықтардың бірі. Биылғы лауреаттардың арасында әлем чемпионы Аида Әбікеева мен талантты футболшы Дастан Сәтпаев та бар, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Биыл байқауға 300-ге жуық жас қатысып, олардың 294-інің еңбегі арнайы комиссияда қаралды. Үміткерлер «Ғылым», «Өнер», «Журналистика», «Әдебиет», «Қоғамдық қызмет», «Классикалық музыка», «Эстрада», «Театр және кино», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Спорт» сынды он аталым бойынша бақ сынады.
Жеңімпаздарды анықтаған комиссия құрамына депутаттар, қоғам және мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ медиа өкілдері енген. Барлығы 37 адамнан тұратын алқалы топ үздіктерді таңдады.
Спорт саласындағы жеңімпаздар:
Әйелдер арасында екі дүркін әлем чемпионы Аида Әбікеева үздік деп танылды. Ол биыл Англияда өткен World Boxing турнирінде топ жарып, әлемнің ең мықты боксшылары қатарына қайта енген болатын.
Ал ерлер арасындағы марапат «Қайрат» клубының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаевқа бұйырды. Ол ел чемпионатында өз командасымен бірге жеңімпаз атанып, Чемпиондар лигасында «Қайраттың» келесі кезеңге өтуіне үлкен үлес қосты.
Айта кетейік, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы 1992 жылдан бері жыл сайын табысталып келеді. Оның мақсаты – жастардың ғылым, өнер, спорт және қоғамдық өмірдегі жетістіктерін мемлекеттік деңгейде қолдау және ынталандыру.