фото: olympic.kz. Суретте: Төрехан Сабырхан
Қазақстандық жас боксшы, халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген Төрехан Сабырхан Instagram парақшасында маңызды мәлімдеме жасады. Бұл туралы Sportinside.kz хабарлайды.
Бұған дейін спортшы Атырау облысына ауысады деген ақпарат тараған еді. Алайда ол бұл шешімінен бас тартып, туған өңірі Шымкенттің намысын қорғауды жалғастыратынын хабарлады.
«Ассалаумағалейкум, қазақ елі! Мен ары қарай да Шымкенттік намысын қорғаймын!» – деп жазды боксшы әлеуметтік желіде.
Төреханның айтуынша, оны Атырауға белгілі спорт қайраткері Бауыржан Кәрімов шақырған. Алайда Кәрімов жақында Шымкент бокс федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалған. Жаңа қызметке келген бойда ол Сабырханмен кездесіп, әңгімелескен. Кездесу нәтижесінде боксшы өз туған өңірінде қалу туралы шешім қабылдаған.
«Бұған дейін айтқанымдай, мен тек ішкі біріншілікте жеке бір өңірдің намысын қорғаймын. Ал шет елге шыққанда Қазақстанның көк туын көтеремін», – дейді Төрехан.
Ол өзіне қолдау көрсетіп жатқан барша жанкүйерлерге ризашылығын білдіріп, ел намысын абыроймен қорғау үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді.