"Ол нағыз әке атағына лайық": Тұрсынбектің қызы жан сырын ақтарды

"Ол нағыз әке атағына лайық": Тұрсынбектің қызы жан сырын ақтарды

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы Айару әлеуметтік желідегі жеке парақшасында әкесімен қарым-қатынасы және соңғы уақытта қоғамда болып жатқан жағдайларға қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Turkystan.kz.

Айарудың айтуынша, әкесі жайлы түрлі теріс пікірлердің жазылып жатқанына қарамастан, ол үшін Тұрсынбек Қабатов — ең сүйікті және ең жақсы әке болып қала береді.

«Қазір бәрі оның қандай жаман адам екенін айтып жатыр. Бірақ ол мен үшін әрқашан ең жақсы әке болып қала береді. Мен оны бұл өмірде бәрінен қатты жақсы көремін және ерекше бағалаймын. Мүмкін, ол күйеу ретінде өзін жақсы көрсете алмаған шығар. Бірақ әке ретіндегі рөлінде — нағыз үлгі. Себебі ол әрдайым бізге сүйіспеншілігін білдіріп, қамқорлығын көрсетіп келеді», — деп жазды Айару Тұрсынбекқызы.

Ол сонымен бірге соңғы күндері әлеуметтік желілерде жазылып жатқан ауыр пікірлерге тоқталды:

«Адамдардың әкем туралы ауыр сөздер жазғанын оқу маған өте қиын. Өйткені саған жақын адамды ренжіткенде, жүрегің ауырады. Сол сәтте бар күшіңмен оны қорғағың келеді. Бірақ менің бұл қорғанысымды ешкім байқамайды», — деді ол.

Айару Тұрсынбекқызы әкесімен арақатынасының жақсы екенін айтып, екеуінің ашық сөйлескенін де атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін продюсер Мөлдір Мұқанова әзілкеш Тұрсынбек Қабатовпен ресми түрде ажырасқанын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, Қабатовтың екінші әйелі 14 жыл бұрын пайда болған. Осы мәлімдемеден кейін әлеуметтік желіде әзілкешке қарсы бойкот жариялау туралы пікірлер тараған болатын.

Admin
Admin
Автор