«Естідің бе, түсіндің бе?»: UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов блогерді ұрып, оған қауіп төндірген (видео)

«Естідің бе, түсіндің бе?»: UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов блогерді ұрып, оған қауіп төндірген (видео)

фото: Jeff Bottari/Zuffa LLC via Getty Images. Суретте: Шавкат Рахмонов

Алматыда UFC файтері Шавкат Рахмонов пен танымал ММА-блогері Сулла Хуфу арасында дау шықты. Бұл туралы алғаш болып Vesti.kz хабарлады. Даудың туындауына себеп болған – блогердің Шавкатқа қатысты айтқан сыни пікірі мен кейінгі жеке кездесу кезіндегі қауіп төндіру әрекеті. Осы оқиға спорт әлемін ғана емес, жалпы журналистиканың еркіндігіне алаңдаушылық білдірген көпшілікті екіге жарды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Мәселенің басталуы

2025 жылғы 9 маусым күні Сулла өз әлеуметтік желіcіндегі парақшасында Шавкат Рахмоновтың болашағына күмән келтіретін пікір білдірді. Ол Шавкат Рахмоновты «жұлдыз ауруына шалдыққан» деп сипаттап, «мотивациясы жоғалған, чемпион болуға ұмтылысы қалған жоқ» деген сыни көзқарасын білдірді. Сонымен қатар, ол Рахмоновтың титулды жекпе-жектен бас тартуын да сынға алды.

Блогердің айтуынша, Гэрриге қарсы соңғы жекпе-жек кезінде Шавкат жеңіліске ұшырай жаздаған.

«Егер ол шынымен чемпион болғысы келсе, әрекет етуі керек еді. Бірақ менің байқауымша, ол тек ақша тауып алды да, ары қарай күресуге қызығушылығы азайды», – дейді Сулла.

Ол сондай-ақ Шавкаттың жарақатқа байланысты титулдық жекпе-жектен бас тартуын сенімсіз деп тапты.

«Жарақат туралы нақты дерек жоқ, тек суреттер ғана. Ешқандай баспасөз конференциясы да өткізілген жоқ», – деді блогер.

Қоғамның реакциясы

Бұл пікір көпшілікті екіге бөлді: бір бөлігі блогердің ойын қолдаса, екіншілері Шавкатты қорғап шықты. Жанкүйерлер арасында қызу пікірталас туды. Шавкат Рахмоновтың өзі бұған ешқандай ресми пікір білдірмеген.

Алайда 13 маусым күні Алматыдағы бокс кешінде блогер мен спортшының бетпе-бет кездесуі орын алды. Осы кездесуден кейін Сулла Хуфу Шавкат тарапынан нақты қауіп төнгенін ашық айтты.

«Бұл – нақты қауіп»

Сулланың айтуынша, олар Фаниль Рафиковтың жекпе-жегінде кездесіп қалған. Жолыққан кезде Шавкат блогерге: «Сені іздеп жүр едім, сөйлесуіміз керек» деп, оны жеке бөлмеге алып кіріп, жабық есік артында агрессиямен сұрақ қойған. Блогердің айтуынша, Шавкат қолмен кеудесіне жеңіл соққылар жасаған, әрі келесі жолы аямайтынын айтқан.

«Бұл әзіл емес. Бұл – нақты қауіп. Ол ашулы болды, көзінде ыза бар еді. Мен оның алдында тұрып, тек үндемей тұрдым. Мен тек: “Шавкат, мен сені естідім, түсіндім”, – деп жауап қайтардым», – дейді Сулла.

Ол Рахмоновтың агрессиясының екі себебі болғанын айтты. Бірі – «жұлдыз ауруы» туралы сөз болса, екіншісі – Сулланың Жалғас Жұмағұловты Қазақстандағы үздік ММА спортшысы деп атауы. «Бұл менің субъективті пікірім ғана. Ешкімді қорламадым, тек жеке бағамды білдірдім», – деді блогер.

Журналистиканың қауіпсіздігіне төнген қатер ме?

Сулла бұл оқиғаны көпшіліктен жасырмай, халыққа ашық айтуға бел буды. Ол өзінің өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін айтып, журналистер мен блогерлерге қысым жасалмауы тиіс екенін алға тартты.

«Біз – журналистерміз. Ешкімді қорламаймыз. Бірақ бізге өмірімізбен қорқытуға болмайды. Егер бүгін Шавкат бұлай жасаса, ертең басқа біреуі де солай етуі мүмкін. Бұл жағдайда үндемеуге болмайды», – деді ол.

Ол бұл оқиғаның спорт журналистикасының дамуына кері әсер ететінін де айтып өтті. «Егер бір рет осындай оқиға болып, ешкім қарсы тұрмаса, бұл нормаға айналады. Сонда біздің еңбегіміздің, спорт журналистикасының ешқандай құны қалмайды», – деп түйіндеді ол.

Жанкүйерлер не дейді?

Оқиға жайлы пікір білдірген әлеуметтік желі қолданушылары да екіге бөлінді:

Рахмоновты қорғағандар:

«Жұлдыз ауруы деп айту дұрыс болмады. Бұл – болашақ чемпион!»

«Сен жай ғана провокаторсың, бұл – журналистика емес».

«Шавкат – өте сабырлы адам. Егер ол ашуланса, бәлкім, себеп өзіңде болар».

«Сулла, бұл сөздерді эфирде айтпауың керек еді».

«Басқа спортшылар туралы айтсаңшы, неге Шавкатты ғана қозғай бересің?»

Сулланы жақтағандар:

«Чимаев та Шавкатты сынады. Сонда неге оған қарсы шықпады?»

«Сенің ашық сөйлейтінің үшін сені көріп жүрміз. Рахмет!»

«Барлығын фактілерге сүйеніп айттың. Шавкат өте орынсыз әрекет етті».

«Кәсіпқой спортшы өзін ұстай білуі керек».

«Шавкат бұлай істемеуі керек еді. Келесі жекпе-жекте ісімен дәлелдесін».

Қорытынды

Сулла бұл оқиға Шавкат тарапынан кешірім де, жалғасын табатын қауіп те болмағанын айтты. Сонымен қатар, Naiza TV подкастының келесі шығарылымына қатысатынын растады.

Айта кетейік, Сулла Хуфу – бірнеше жыл бойы қазақстандық ММА саласындағы жетекші блогерлердің бірі. Ол спорттық турнирлерде комментатор және октагон-анонсер ретінде де танылған. Бірнеше мәрте NAIZA Awards сыйлығының лауреаты болған.