фото: instagram.com/f.c.kairat. Суретте: Шерхан Қалмырза
Алматылық "Қайрат" U-19 командасы УЕФА жасөспірімдер лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші турда Миланның "Интерінен" ірі жеңіліске ұшырады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Италияның Милан қаласында өткен матч 3:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Италиялық клубтың голдарын 21-минутта пенальтиден Матиас Москони, 37-минутта Дилан Сарате және 54-минутта Джамал Иддриссу соқты.
Қазақстандық клубтың қақпасын 18 жастағы Шерхан Қалмырза қорғады. Ол бұған дейін "Қайраттың" негізгі құрамында Чемпиондар лигасында өнер көрсеткенімен танымал.
Бұл жеңіліс алматылықтар үшін турнирдің жалпы кезеңіндегі төртінші қатарынан ұтылуы болды. Бұған дейін команда кипрлік "Пафосқа" (1:3), испандық "Реалға" (1:4) және португалиялық "Спортингке" (2:3) есе жіберген еді.
Келесі кездесулерде "Қайрат" U-19 құрамасы 26 қарашада Данияның "Копенгагенімен", ал 9 желтоқсанда Грекияның "Олимпиакосымен" кездеседі.