фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы
Орта салмақтағы әлем чемпиондары Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара алдағы жекпе-жек алдында бір-біріне өткір мәлімдемелер жасады. Бұл айқас WBO, IBF және WBA белбеулері үшін келесі айдың басында АҚШ-та өтпек, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы қарсыласын мұқият зерттегенін айтып, бұл жекпе-жектің өзіне қиын соқпайтынын мәлімдеді.
"Мен бұрын да солақай боксшылармен көп рет кездескенмін – әрі әуесқойда, әрі кәсіпқой деңгейде де талай жекпе-жектер болды. Кезінде Лараның жекпе-жектерін көріп жүретінмін, ол кезде ол қазірдің өзінде кәсіпқой рингте өнер көрсетіп жүрген. Оның стилін жақсы білемін, не істей алатынын да, не істей алмайтынын да білемін. Сондықтан бұл кездесу мен үшін аса қиын болмайды деп ойлаймын", – деді Жәнібек баспасөз мәслихатында.
Алайда 42 жастағы кубалық чемпион Эрисланди Лара бұл сөздерге жауап беріп, қазақстандық қарсыласын менсінбеушілікке жол бермеуге шақырды.
"Жәнібекке айтарым бір-ақ нәрсе: сен қалағаныңды ойлай бер, бірақ 6 желтоқсанда бәрі анықталады. Сол кезде сен шынымен дайынсың ба, көрерміз. Бұл жекпе-жек сен ойлағандай жеңіл болмайды. Мен оған үлкен тосынсый дайындап жатырмын", – деп ескертті Лара.