фото: Kadir Caliskan - United World Wrestling/United World Wrestling via Getty Images. Суретте: Ақжол Махмудов
Белгілі қырғыз балуаны Ақжол Махмудовтың әкесі Мухамед Махмудов грек-рим күресі бойынша Қырғызстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып Улукбек Карачолоковтың тағайындалуына наразылығын білдірді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Әлем чемпионаты Хорватияда өткеннен кейін құраманың бұрынғы бас бапкері Уран Калилов қызметінен кеткен болатын. Оның орнына уақытша Улукбек Карачолоков келген. Алайда бұл шешім Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ақжол Махмудовтың әкесінің сынына ұшырады.
"Ол ешқашан залда жаттықтырушы болып істеген емес. Құрамадан кеткен соң да еш жерде жұмыс істемеді. Менің білуімше, ол жылқы бағумен айналысқан, жақсы атбегі болуы мүмкін. Бірақ жылқы баққан адам қалайша ұлттық құраманың бас бапкері бола алады?" – деп жазды Мухамед Махмудов.
Сонымен қатар ол жастар арасындағы әлем чемпионаты өткен Сербияның Нови-Сад қаласында Қырғызстан құрамасы бірде-бір медаль жеңе алмағанын атап өтті. Бұл, оның пікірінше, командаға тәжірибелі әрі кәсіби бапкер қажет екенін көрсетеді.
Қырғызстанның күрес федерациясы әзірге Мухамед Махмудовтың бұл мәлімдемесіне түсініктеме берген жоқ.