"Небір сұмпайы тірліктерді жасады, Мөлдір шыдады": Мөлдір Мұқанованың әпкесі қолдау білдірді (ВИДЕО)

"Небір сұмпайы тірліктерді жасады, Мөлдір шыдады": Мөлдір Мұқанованың әпкесі қолдау білдірді (ВИДЕО)

фото: ашық дереккөзден

Соңғы күндері қоғамда кеңінен талқыланып жатқан әзілкеш Тұрсынбек Қабатов пен оның бұрынғы жұбайы Мөлдір Мұқанова арасындағы жағдайға байланысты Мөлдірдің туған әпкесі өз парақшасында жазба жариялап, сіңілісіне қолдау білдірді.

Ол әлеуметтік желілерде түрлі пікір айтылып жатқанын, бірақ көпшіліктің Мөлдірді қорғап, қолдау білдіріп отырғанына ризашылығын жеткізді. Әпкесінің айтуынша, сіңілісінің сабырлылығы мен тектілігі – ата-анадан алған тәлім-тәрбиенің айқын көрінісі.

"Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаң барлығы ақылды болып Тұрсынбек пен Мөлдірді жазып жатыр, көбісінің Мөлдірді қолдап жатқанын көріп жатырмыз. Бұл жерде мен Мөлдірдің әке-шешеміздің қанымен, тәрбиесімен келген тектілігін айтқым келіп тұр. Қанша опасыздық жасаса да Тұрсынбекті мырза деп сыйлап сөйлеп, көңілдесі туралы бір ауыз жаман сөз айтпады. Әйтпесе, туғана апасы ретінде, жақын жанашыры ретінде біз де көп нәрсені білеміз, айтылу керек болған небір сұмпайы тірліктердің Тұрсынбектің абыройы деп айтылмай қалғанын көрдік. Мөлдір жоғарыда тұрды, олардың деңгейіне түспеді", – деп жазды ол.

Оның сөзінше, Мөлдірдің 14 жыл бойы отбасын сақтауға тырысқаны – әулет тәрбиесіне адалдықтың белгісі.

"14 жыл барлығына шыдады, себебі біздің әулетте отбасы құндылықтары бірінші орында тұрды. Подкастта айтылғандай әке-шешеміз бір-бірімен дауыс көтеріп ұрыспағанын, тіпті біздің байқамай істеген бұзақылымызға байыппен қарап, ақылмен, байыппен кеңес бергенін көріп өстік. Тіпті біздің үйде әкемнің шешесі, анамыздың әкесі бір мезгілде еш кикілжіңсіз өмір сүрді. Қазір екі жақтың қартайған ата-анасын емес, тіпті туған бауырын сыйғызбай үйінен қуып шыққан жандарды көріп жүрміз. Оның барлығы әке-шешеміздің тектілігі, Мөлдір соны бойына сіңіріп өсті және сол себепті отбасын соңына дейін сақтағысы келді", – деп атап өтті ол.

Әпкесі өз жазбасында қазіргі қоғамдағы рухани құндылықтардың әлсіреп, сыйластықтың азайғанына қынжылыс білдіріп, жастарды отбасы мен тәрбиеге көбірек мән беруге шақырды.

"Мөлдір ешкімнің аяғанына, мүсіркегеніне мұқтаж емес, себебі бізді өмір ерте есейткен, небір сынақтардан өткізген. Берілген интервью – оның жан дүниесін бәріне ашып берді. Мөлдірдің жаны нағыз мөлдір екенін бәрі көрді. Өзі айтқандай интервьюда көптеген нәрселердің шеті ғана айтылды, енді осымен шулата бермей Мөлдірге қолдау көрсетіп, дұрыс шешім шығарып, өзімізді және өз балаларымызды дамытайық, дұрыс тәрбие берейік, ұлтымыздың болашағын ойлайық. Мөлдір жалғыз емес – жанында жанын берер бес бауыры, аялайтын ағайындары, шын жанашыр достары бар. Сондықтан да бәрі біз ойлағаннан да керемет болатынына сенімдімін", – деді Мөлдірдің әпкесі.

Admin
Admin
Автор