Қаралы хабар: Танымал бапкер ойын кезінде есінен танып, қайтыс болды (ФОТО)

Қаралы хабар: Танымал бапкер ойын кезінде есінен танып, қайтыс болды (ФОТО)

фото: ашық дереккөзден

Сербияның "Раднички 1923" футбол клубының бас бапкері Младен Жижович матч кезінде есінен танып, ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Сербиялық Telegraf басылымының мәліметінше, қайғылы жағдай Сербия чемпионатының 14-тур ойыны барысында орын алған.

22-минутта бапкердің жағдайы күрт нашарлап, ол қосалқы орындықтың жанында есінен танып құлаған. Дәрігерлер жедел көмек көрсетіп, оны ауруханаға жеткізгенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады – Младен Жижович ауруханада жан тапсырған.

Бапкерді жедел жәрдем көлігі алып кеткеннен кейін ойын біраз уақыт жалғасқанымен, шамамен 20 минуттан соң стадион дикторы оның қайтыс болғанын хабарлағаннан кейін матч тоқтатылды. Осы сәтте ойыншылар мен клуб қызметкерлері есеңгіреп, көпшілігі алаңда еңкейіп жатып қалды.

Сербия футбол одағы әлеуметтік желіде ресми мәлімдеме жасап, бапкердің отбасына және клубқа қайғырып көңіл айтты.

"Оның мезгілсіз қазасы – бүкіл футбол қауымдастығы үшін орны толмас ауыр жоғалту. Сербия футбол одағы Младен Жижовичтің отбасына, "Раднички 1923" клубына, достары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. Жаның жәннатта болсын, Младен. Сенің футболға деген махаббатың мен мұраң мәңгі есте қалады».

Ресми ақпаратқа сәйкес, Жижович 44 жаста болған, ал ол "Раднички 1923" клубының бас бапкері қызметіне 2025 жылдың 22 қазанында тағайындалған еді.

Футболшы кезінде ол Босния чемпионы атанып, ел Кубогының иегері болған. Ал жаттықтырушы ретінде "Радник", "Зриньски", "Слобода", "Борац" (Босния), "Аль-Холуд" (Сауд Арабиясы) және "Шкупи" (Солтүстік Македония) клубтарында жұмыс істеген.