Өзбекстандық блогер хейтерлер үшін жапон қызынан кешірім сұрады (видео)

Өзбекстандық блогер хейтерлер үшін жапон қызынан кешірім сұрады (видео)

фото: gettyimages. Суретте: Ута Абэ

Өзбекстандық белгісіз бір блогер өз еліндегі әлеуметтік желідегі хейтерлер үшін Жапония дзюдошысы Ута Абэден кешірім сұрады. Бұл туралы Sportinside.kz хабарлайды.

TikTok желісіндегі Judo Kazakhstan парақшасында жарияланған видеода бір блогердің өзбекстандық хейтерлер үшін бес дүркін әлем чемпионы Ута Абэден кешірім сұрағаны көрсетілген.

Айта кетейік, дзюдодан бес дүркін әлем чемпионы Ута Абэ Олимпиадада өзін жеңген өзбек қызы Диёра Келдиёрова туралы тосын пікір білдірген болатын. 

Оқиғаға себеп – Токио Олимпиадасында Ута Абэнің алғашқы айналымда өзбек дзюдошысы Диёра Келдиёровадан жеңіліп қалуы. Осы жеңістен кейін өзбек жанкүйерлерінің бір бөлігі Утаға бағытталған тосын, орынсыз пікірлер жазып, тіпті спортшының жеке парақшасына шабуыл жасаған.

Алайда бұл әрекетке қарсы шыққан өзбекстандық әдепті блогерлер мен спорт жанашырлары көпшіліктің атынан Ута Абэге деген құрметін жеткізіп, оның мықтылығын мойындайтындарын айтып, кешірім сұрау арқылы шынайы жанкүйерліктің үлгісін көрсетті.

"Мойындау – ерлік. Бұл қыз чемпион екенін ісімен дәлелдеді. Олимпиададан кейін Гранд Слэмді, Жапония чемпионатын және Әлем біріншілігін жеңді. Абэ – дзюдо патшайымы", – деп жазды қолданушылардың бірі.

Желіде тараған пікірлердің басым бөлігі де Ута Абэнің спорттағы жетістігіне құрметпен қарап, оны жоғары бағалап жатты.

"Бұл қызда тек мықтылық қана емес, нағыз спорттық мәдениет пен кішіпейілділік бар", – деп жазды тағы бір қолданушы.

Ал Ута Абэ болса, бұған дейінгі сұхбаттарында Келдиёроваға жеңілген сәтін өз мансабындағы ең ауыр сәттердің бірі ретінде сипаттап, бірақ дәл осы жеңіліс өзін одан әрі күшейтіп, жаңа биікке жетелегенін айтқан болатын.