фото: Мәжілістің баспасөз қызметі. Суретте: Нартай Аралбайұлы
Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан дәстүрлі садақ атудан Әлем кубогында алғашқы алтын медальді жеңіп алды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Қуанышты хабарды Мәжіліс депутаты әрі Дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Аралбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында сүйіншіледі.
"Тарихи жетістік, ағайын! Кореяның Ульсан қаласында өтіп жатқан дәстүрлі садақ атудан Әлем кубогында алғашқы алтын қоржынға түсті! 90 метр қашықтықтағы нысанаға көздеу бойынша командалық сайыста жеңімпаз атандық. 32 команданың арасынан озып шықтық", – деп жазды ол.
Нартай Аралбайұлы жеңімпаз атанған садақшыларды шын жүректен құттықтап, ертең өтетін жекелей сайыстарда да жеңіс тілейтінін айтты.
"Бұйыртса, ертең жекелей сындар өтеді. Финалға шыққан спортшыларымызға сәттілік тілеймін! Федерация президенті ғана емес, қарапайым жанкүйер ретінде де қатты қуанып отырмын", – деді депутат.