Қазақтарды келемеждеген чемпионның бұрынғы әйеліне қатысты іс қозғалды

Қазақтарды келемеждеген чемпионның бұрынғы әйеліне қатысты іс қозғалды

фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі ресейлік боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жары Екатерина Биволды халықаралық іздеуге жариялады, деп Sportinside.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Редакцияның ресми сауалына берген жауабында ІІМ өкілдері:

"Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында Екатерина Бивол бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу түріндегі санкциямен іздеуге жарияланды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", – деп мәлімдеді.

Министрлік тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтерді жария етуден бас тартты.

Бұған дейін Екатерина Бивол әлеуметтік желіде түрлі ұлт өкілдеріне қатысты арандатушылық сипаттағы видео жариялаған еді. Осыған байланысты өткен аптада Қырғызстанда оның қамауға алу туралы ордері шығарылған болатын.