фото: ашық дереккөзден. Суретте: Екатерина Бивол мен Дмитрий Бивол
Қырғызстан соты бокстан әлем чемпионы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі Екатерина Биволға қатысты қылмыстық іс қозғап, оны қамауға алу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Тергеу деректеріне сүйенсек, іс Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 330-бабы бойынша («Нәсілдік, этникалық, ұлттық немесе өңірлік араздықты қоздыру») қарастырылуда. Тергеу нұсқасы бойынша, 21 қазанда әлеуметтік желіде тараған бейнематериалдарда Екатерина Бивол қырғыз халқына қарсы қорлайтын және араздық тудыратын пікірлер айтқан.
Сот шешімімен оған сырттай айып тағылып, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы бекітілді. Қазір Екатерина Биволға халықаралық іздеу жарияланған.
Аталған бап бойынша оған 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Айта кетейік, соңғы айларда Екатерина Бивол әлеуметтік желілерде қырғыз және қазақ халқына қатысты әдепсіз және қорлайтын мазмұндағы видеолар жариялап, қоғам тарапынан үлкен сынға ұшыраған болатын.