Күтпеген жаңалық! Геннадий Головкиннің бокстағы мансабы аяқталды

Күтпеген жаңалық! Геннадий Головкиннің бокстағы мансабы аяқталды

фото: olympic.kz. Суретте: Геннадий Головкин

Геннадий Головкиннің World Boxing ұйымының президенті лауазымына өз кандидатурасын ұсынуы оның боксшы ретіндегі мансабына ресми түрде нүкте қойды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

"Өткен аптада бокс әлемінде Геннадий Головкиннің шаршы алаңға қайта оралуы мүмкін деген әңгімелер жиілеген еді. Алайда енді орта салмақтың аңызға айналған чемпионы бұл қауесеттерге нақты жауап берді – ол ресми түрде World Boxing ұйымының президенті болуға үміткер екенін жариялады. Бұл шешім оның бокстағы мансабының аяқталғанын көрсетеді. Головкиннің кәсіби спортшы ретіндегі кезеңі артта қалды", – деп жазады шетелдік БАҚ.

Дереккөздің хабарлауынша, Головкиннің ең үздік жылдары артта қалған және енді ол күш-қуатын бокс саласын дамытуға арнайды.

"Головкиннің элиталық деңгейдегі боксшы ретіндегі уақыты өтті. Ол өзінің жойқын соққылары мен мықты физикалық дайындығымен есте қалды, бірақ спорт та, буын да өзгерді. Енді Головкин энергиясын шаршы алаңнан тыс іске жұмсайды – ол боксшылардың құқықтарын қорғауға әрі олимпиадалық бокстың болашағын сақтауға бағытталған әділ басқару жүйесі үшін күресетін жаңа көшбасшыға айналады", – делінген мақалада.

23 қарашада Римде өтетін World Boxing президентін сайлау кезінде Головкин Грекия бокс федерациясының басшысы Мариолис Харилаоспен бәсекеге түседі. Бұл сайлау әлемдік бокстың болашағына ықпал ететін маңызды оқиға болмақ.

Айта кетейік, Геннадий Головкиннің соңғы ресми жекпе-жегі 2022 жылдың 17 қыркүйегінде Лас-Вегаста өткен. Ол кезде Головкин мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен кездесіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіліп қалған еді. Осылайша, "Канело" WBA (Super), WBC, IBF, WBO және The Ring нұсқалары бойынша әлем чемпионы атақтарын қорғап қалды.