фото: Ақорда
Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов ұлттық құраманың көшбасшы боксшылары желтоқсанда өтетін IBA әлем чемпионатына қатыспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
– IBA әлем чемпионатына Ливерпульдегі World Boxing әлем біріншілігінің жеңімпаздары қатыса ма?
– Жоқ, олар бармайды. Басқа спортшыларға да мүмкіндік беруіміз керек. Ал ол жігіттерді біз басты мақсаттарымыз – Азия ойындары мен Олимпиадаға дайындаймыз. Келер жылы Жапонияда Азия ойындары өтеді, сол себепті спортшыларды соған бағыттап жатырмыз. Боксшылар – робот емес, олар демалуы керек. World Boxing чемпионатында керемет нәтиже көрсетті, енді оларға тынығып, келесі маусымға дайындалуға жағдай жасаймыз, – деді Мерей Ақшалов.
Айта кетсек, Қазақстан құрамасы World Boxing әлем чемпионатында 7 алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған еді. Ливерпульде өткен жарыстың чемпиондары: Санжар Тәшкенбай (50 кг), Махмұд Сабырхан (55 кг), Төрехан Сабырхан (70 кг), Айбек Оралбай (+90 кг), Алуа Балқыбекова (51 кг), Аида Әбікеева (65 кг), Наталья Богданова (70 кг).
IBA ұйымдастыратын әлем чемпионаты 2-13 желтоқсан аралығында Дубайда (БАӘ) өтеді. Бұл турнир тарихтағы ең үлкен жүлде қорына ие болмақ – 8 миллион доллар. Әр чемпион 300 мың доллар (шамамен 158,5 миллион теңге) көлемінде сыйақы алмақ.