Бақұл бол! Танымал жазушы әрі журналист 66 жасқа қараған шағында көз жұмды (ФОТО)

Бақұл бол! Танымал жазушы әрі журналист 66 жасқа қараған шағында көз жұмды (ФОТО)

фото: ашық дереккөзден

Көрнекті жазушы, эссеист, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақсат Тәж-Мұрат өмірден өтті.

Мақсат Әнесұлы Тәж-Мұрат 1959 жылы қараша айында Атырау облысы Қосшағыл кентінде дүниеге келген. Ол 1978-1983 жылдары ҚазМУ-дің журналистика факультетінде білім алып, кейіннен қазақ журналистикасы мен әдебиетіне үлкен үлес қосқан тұлғалардың біріне айналды.

Карьерасының алғашқы кезеңінде ол «Білім және еңбек» журналында әдеби қызметкер, «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші, «Өркен» басылымында редактордың орынбасары, «Жалын» журналының жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, Қазақстан ЛКЖО ОК жастар бұқаралық ақпарат құралдары секторының меңгерушісі болды.

1990–1999 жылдары ҚазМУ-дің филология факультетінде аға оқытушы және доцент болып еңбек етті. 1994 жылы «Ғұмар Қараштың ақындығы» тақырыбында диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.

Кейінгі жылдары ол қазақ баспасөзінің жетекші тұлғаларының бірі ретінде танылды. 2006–2007 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасары, 2007–2009 жылдары «Ана тілі» газетінің бас редакторы болды. Ал 2009 жылдан бастап Астанаға қоныс аударып, 2013 жылға дейін «Астана» журналының бас редакторы қызметін атқарды.

Мақсат Тәж-Мұрат – қазақ руханиятына айрықша еңбек сіңірген қаламгер. Ол «Шәңгерей: жасампаздық өмірі», «Батыс Алаш-Орда: биобиблиографиялық сөздік тәжірибесі», «Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы», «Кәбиса жыл», «Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің мәлімсіз майданы», «Димаш. Когда жаждут крика» секілді еңбектердің авторы. Сонымен бірге, мерзімді баспасөзде жүзге жуық ғылыми-танымдық және публицистикалық мақалалар жариялаған.