фото: ашық дереккөзден
Қазақстан мен Марокко арасында сотталғандарды өзара беру туралы келісім жасалды. Бұл құжаттың мақсаты – басқа елде сотталған азаматтардың жазасын өз отанында өтеуіне мүмкіндік беру. Отырыстан соң кулуарға шыққан Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтен журналистер Ақжарқын Тұрлыбай ісіне қатысты түсініктеме сұрады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Қойгелдиевтің айтуынша, Ақжарқын Тұрлыбай ісі Бас прокуратураның бақылауында. Сондай-ақ, Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортунаға қатысты экстрадиция рәсімі жалғасып жатыр.
"Бұл іс пен өзге де істер біздің назарымызда. Біз бұл мәселені соңына дейін жеткіземіз. Қазір Интерпол іздеудегі азаматтың нақты орналасқан жерін анықтап жатыр. Ол белгілі болған соң, экстрадиция рәсімі басталады", – деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Ол сондай-ақ, егер кейбір мемлекеттер жауап беруді кешіктірсе, прокуратура дипломатиялық арналар арқылы еске салу хаттарын жолдайтынын атап өтті.
Сенатор Геннадий Шиповских та бұл мәселеге тоқталып, келіссөздердің күрделі жағдайда өтіп жатқанын айтты.
"Ал Ақжарқын Тұрлыбай мәселесіне келсек, бұл тақырыпты бірқатар депутаттар үнемі көтеріп келеді. Менің білуімше, қазіргі уақытта еліміздің Бас прокуратурасы мен Сыртқы істер министрлігі осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Иә, келіссөздер оңай өтіп жатқан жоқ, себебі Қытайдың заңдары өте қатаң. Дегенмен, осыны ескере отырып, мәселе оң шешімін табады деп үміттенеміз. Тағы айта кетерлігі, әр елдің салты басқа, иті қара қасқа", – деді ол.
Анықтама үшін: Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Қытайдың Гуанчжоу әуежайында ұсталып, есірткі тасымалдады деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Кейін ол жазасын Қазақстанда өтеуге ресми өтініш білдірген. Қазіргі уақытта бұл бағытта Бас прокуратура мен Сыртқы істер министрлігі жұмыс жүргізіп жатыр.
 
								 
                             
         
         
         
        