"Дау төбелеске ұласқан": Экс-кеңесші Бабакумаровтың қалай қаза тапқаны мәлім болды

"Дау төбелеске ұласқан": Экс-кеңесші Бабакумаровтың қалай қаза тапқаны мәлім болды

фото: gov.kz

Астанада қаза тапқан Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабакумаровтың өліміне қатысты тергеу басталды. Полиция мәліметінше, бұрынғы шенеунік таныстарымен болған отырыс кезінде соққыға жығылып, алған жарақаттарынан көз жұмған.

Оқиға 30 қазанға қараған түні болған. Алдын ала ақпарат бойынша, Ержан Бабакумаров таныстарымен кешкі отырыс кезінде дауласқан. Сөз таласы жанжал мен төбелеске ұласқан, нәтижесінде ол ауыр жарақат алып, оқиға орнында қаза тапқан.

Астана қалалық Полиция департаменті бұл дерекке қатысты ресми түсініктеме берді:

"Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала тергеулер бұрын таныс адамдар арасындағы ауызша даудың физикалық төбелеске ұласқанын көрсетеді. 56 жастағы ер адам алған жарақаттарынан қайтыс болды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, Ержан Бабакумаров 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысында дүниеге келген, саясаттану ғылымдарының докторы.

Ол 1996 жылдан бастап мемлекеттік қызметте түрлі лауазымдар атқарған. Бұрын Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры, сондай-ақ Мемлекет басшысының кеңесшісі болған.

Admin
Admin
Автор