фото: Sputnik / Санат Имангалиев. Суретте: Асхат Аймағамбетов
Мәжілістің жалпы отырысында тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғауға арналған заң жобасын таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов елде Ұлттық археологиялық қызмет құрылатынын мәлімдеді. Бұл бастама Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында жүзеге аспақ.
Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта археологиялық жұмыстарды ғылыми тұрғыдан бақылап, үйлестіретін нақты орган жоқ.
"Кім қалай істеймін десе, солай істейді – біреуі музеймен, біреуі әкімдікпен, біреуі жеке өзі бетімен әйтеуір білгенін істеп жүр. Нәтижесінде – ретсіздік, қайталау, бақылаусыздық. Мәселені қалай шешеміз? Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында енді Ұлттық археологиялық қызмет құрылады. Бұл қызмет – нағыз археологиялық "ми орталығы" болады", – деді ол.
Жаңа құрылым археологиялық қазбаларға мониторинг жүргізіп, ғылыми сараптама жасап, бірыңғай ақпараттық жүйе қалыптастырады. Сонымен қатар археологтарға әдістемелік көмек көрсетіп, зерттеу басымдықтарын айқындаумен айналысады.
"Кім, қай жерде, қандай қазба жұмыстарын жүрізді? Не табылды? Ғылыми әдістемеге сәйкес пе? Оның есебі – толық белгісіз. Мемлекетке толық, әрі сенімді ақпарат жетпейді. Тек ескерткіштер тізімінің өзі қазір 42 тізімдерде шашыранқы түрде. Ал қазба жұмыстары бойынша, есептерді ешкім ешқайда өткізбейді. Яғни қазбалар бар, бірақ есептер жоқ. Табылған жеке жәдігерлер бар, бірақ жаппай жәдігерлер мен материалдар жоқ. Нәтижесінде кейбір ескерткіштер қайта-қайта зерттелінсе, енді біреулері мүлде қараусыз қалып, жойылып кетіп жатыр", – деді депутат.
Аймағамбетовтың сөзінше, жаңа жүйе археология саласындағы бұл бейберекеттікті жойып, толық цифрландыру мен ашықтықты қамтамасыз етеді.
"Біз осы жүйесіздікті тоқтатып, археологиялық жұмыстардың толық цифрлық жүйесін енгіземіз. Кім, қай жерде нені қазып жатыр? Қалай қазып жатыр? Не табылды? Қазбаның есептері, ескерткіштердің паспорттары, археологтар тізімі – енді осының барлығы бір цифрлық жүйеде болады. Бұл жүйе саланы ашық қылып, есептілік пен тәртіпті орнатады", – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.