"Барыс" хоккей клубы қатарынан екінші матчта есе жіберіп қойды

"Барыс" хоккей клубы қатарынан екінші матчта есе жіберіп қойды

фото: "Барыс" хоккей клубы

Астаналық "Барыс" хоккей клубы ҚХЛ-дың тұрақты чемпионаты аясындағы сырттағы кездесуде Омбының "Авангард" командасынан жеңіліп қалды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Матч Омбыдағы "G-Drive Арена" мұз сарайында өтіп, алаң иелерінің 4:3 есебімен жеңісімен аяқталды.

Бірінші кезеңде "Авангард" ойыншылары екі рет мергендік танытты – қос голдың авторы Константин Окулов болды. 

Екінші кезеңде Дмитрий Рашевский есепті 3:0-ге жеткізді. Алайда 30 секунд өткен соң Мэйсон Морелли "Барыс" сапынан жауап гол соғып, есепті қысқартты. Бірақ көп ұзамай Дамир Шарипзянов "Авангард" клубының 4 шайбасын соқты.

Үшінші кезеңнің соңында қазақстандық команда белсенді ойын көрсетіп, бір минутқа жетпейтін уақытта екі шайба соқты. Мэйсон Морелли дубль авторы атанса, тағы бір шайбаны Кирилл Савицкий соқты. Дегенмен бұл нәтиже матчты теңестіруге жеткіліксіз болды.

Осылайша, "Барыс" қатарынан екінші рет жеңіліске ұшырады. Қазіргі таңда астаналық клуб 19 ұпаймен жетінші орында тұр.

Михаил Кравецтің шәкірттері келесі ойынын 31 қазанда сырт алаңда Челябінің "Тракторына" қарсы өткізеді. Ал 3 қарашада команда Астанаға оралып, өз мұз айдынында "Нефтехимикке" қарсы ойын өткізеді.