"Тәкаппарлықпен қарайды": Қазақ теннисшісін қарсыласы үйіне қайтарып жіберетінін айтты

"Тәкаппарлықпен қарайды": Қазақ теннисшісін қарсыласы үйіне қайтарып жіберетінін айтты

фото: Sarah Stier/Getty Images. Суретте: Александр Бублик

Әлемнің 32-ракеткасы, француз теннисшісі Корентен Муте Парижде (Франция) өтіп жатқан "Masters" сериясындағы турнирдің екінші айналымындағы кездесу алдында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бубликке қатысты өткір пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

"Ол кортта өзге ойыншыларға арандатушылықпен қарайды, кейде қарсыластарына тәкаппарлықпен қарайды. Бұған дейін де арада келіспеушіліктер болған, себебі оның спорттағы ұстанымдары менің көзқарасыма сай келмейді. Ертең жанкүйерлердің қолдауымен оны үйіне қайтаруға барымды саламын", – деді Корентен Муте.

Айта кетейік, биыл наурыз айында АҚШ-та өткен Финикс челленджерінен кейін Бублик пен Муте арасындағы дау өршіп, отандасымыз французды төбелеске шақырған еді. Алайда Муте сол кезде бұл ұсынысқа жауап қатпай, үнсіз қалған.