фото: ашық дереккөзден. Суретте: Мақпал Жүнісова
Танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында жүрек тебірентер жазбасын бөлісті.
Өнер иесі 1991 жылы өткен жеке концерті кезінде өзіне ақ батасын берген Роза Бағланованы еске алды.
Әнші сол сәттен бейнежазба жариялап, өзінің ризашылығын білдірді:
"Жан апамның 1991 жылы менің жеке концертімде жанды дауыспен ән айтып, маған берген ақ батасы еді. Топырағыңыз торқа болсын, ұрпағыңыз мың жасасын", – деп жазды Мақпал Жүнісова.
Желі қолданушылары да халықтың сүйікті әншісінің жазбасына қолдау білдіріп, жылы лебіздерін қалдырды. Көпшілік Мақпал Жүнісованың өткенге деген құрметі мен ұстаздарға, аға буынға көрсеткен ілтипатына тәнті болғандарын жазды.
Роза Бағланованың өмірбаяны
Әнші, Халық қаһарманы Роза Бағланова (1922-2011) – қазақтың ұлы өнер жұлдыздарының бірі. Ол еңбек жолын Ташкент филармониясынан бастап, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында концерттер берді. 1945 жылы Берлиндегі Жеңіс концертінде ән шырқады. Кейін Қазақ опера және балет театрында, Жамбыл атындағы филармонияда, "Қазақконцертте" еңбек етіп, ұлттық ән өнерін жаңа биікке көтерді.
Бағланова қазақтың халық әндерімен қатар, әлем халықтарының туындыларын да тамаша орындап, халықаралық байқауларда жеңімпаз атанды. Ол "Ленин" ордені, "Еңбек Қызыл Ту", "Халықтар достығы" ордендерімен марапатталған. 1996 жылы "Халық қаһарманы" атағы берілді.
2011 жылы Алматыда дүниеден өтті. Бүгінде туған жерінде және Алматыда ескерткіштері орнатылып, есімі мәдениет орындарына берілген.