фото: Arasha.kz коллажы. Суретте: Қыдырәлі Болманов пен Әлішер Кәрімов
Танымал әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов әлеуметтік желіде "Ұлытау" тобының еңбегі еленбей, ешқандай мемлекеттік марапатқа ие болмағанына қынжылыс білдірді.
Өнер иесі өзінің жазбасында топтың ел мәдениетіне сіңірген еңбегін атап өтіп, олардың ұлттық идеологияны дамытудағы рөліне ерекше тоқталды.
"Идеология, стратегия, нәтиже! Осы арқылы домбыралық, ешкім істей алмаған ұлттық дүниеңді насихаттау құралына айналған, 7 жыл бұрын – Домбыра күні, 3 жыл бұрын – Ұлытау облысының құрылуына септігі тиген, әлемге атойлап, нағыз қаһармандық көрсеткен – Ұлытау тобы! "Адай" күйімен Құрманғазыны, Моцарттың симфониясымен қатар қоя алған – Ұлытау тобы, не еңбек сіңірген жоқ, не бір жапырақ қағаз алған жоқ", – деп жазды Қыдырәлі Болманов.
Продюсер "Ұлытаудың" жетістіктерін де тізіп өтті. Топ Құрманғазының "Адай" күйін Моцарттың симфонияларымен қатар қоя білген, әлемдік деңгейде екі рет Гран-при иеленген бірегей этно-рок ұжым екенін еске салды.
"Иә, олар Ингушетияның халық әртісі атағын 15 жыл бұрын алған. Неге Қазақстан емес? Әлішер Кәрімовтен рухы әлсіз бе? Әлемдік екі Гран-при жеңісін Құрманғазының күйімен иеленген, қазақ тарихындағы жалғыз әрі алғашқы этно-рок топ – Ұлытау! Өзіңіз ойлап көріңізші, Қазақ елінен бір жапырақ "грамота" да алмаған... Не үміт, не қайыр..." – деді ол ашына.
Қыдырәлі Болманов сондай-ақ өнер саласындағы марапат жүйесінің әділдігіне күмән келтірді.
"Не оны жоқтаған бір қазақ көрмедім. Кімді Ұлытау тобының қатарына қоя аласыз? Қалай өсеміз, Қазақ елі? Халыққа қатысы жоқ атақты кім белгілейді? Аты-жөндері кім, және не тындырды ол адамдар? Маған былтыр берген "еңбек сіңірген" деген атақты мен емес, печатын ауыстырып, Ұлытау тобына берген дұрыс болар еді. Жеткізе алмай жатсаңдар..." – деді Қыдырәлі Болманов.
 
								 
                             
         
         
         
        