фото: ашық дереккөзден
Белгілі әнші Тамара Асар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Қазақстанның Халық әртісі» атағына ие болып, әлеуметтік желідегі парақшасында жүрекжарды жазба қалдырды.
Өнер иесі бұл марапатты үлкен сын мен еңбектің жемісі деп қабылдап, еліне шексіз алғыс білдірді.
"Сынақтан кейін, сый алған күн... Алланың бұйыртқаны осылай екен. Бергенін жақсылығымен, қайырымен берсін! Мені "Қазақстанның Халық әртісі" марапатыммен құттықтап жатқан қалың еліме – қазағыма бас иемін. Құттықтаған жандардың әрқайсысының кеудесінде осындай алтын жұлдыз жарқырай берсін", – деп жазды әнші.
Тамара Асар өз жазбасында 25 жыл бойы Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында үздіксіз еңбек етіп келе жатқанын атап өтті.
"Маңғыстаудың бірде-бір мерекесінен қалып көрген жоқпын. Мемлекеттік айлықпен-ақ шүкіршілік етіп, шақырса да, шақырмаса да, туған жерімнің сахнасында өнер көрсетіп жүрмін. Уақыт өте келе әндерім Астана мен Алматы сахналарына жетіп, бүкіл Қазақ еліне тарады. Маған туған жерімнің ризалығы – ең үлкен марапат", – деді ол.
Әншінің айтуынша, 2023 жылы "Халық әртісі" атағы қайта енгізілгеннен кейін Маңғыстау облысының әкімдігі мен мәдениет басқармасы оны бұл марапатқа алғашқылардың бірі болып ұсынған.
"Биыл сол ұсыныстың нәтижесімен, міне, Президентіміздің қолынан марапат алу бақыты бұйырды. Бұл – менің ғана емес, Маңғыстаудың, туған ауылым Ақшұқырдың абыройы", – деп жазды Тамара Асар.