фото: Ed Mulholland/Zuffa LLC via Getty Images. Суретте: Азат Мақсұм
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Азат Мақсұм UFC ұйымының тізімінен ресми түрде алынып тасталды. Сонымен қатар египеттік спортшы Хамди Абдель Вахаб та ұйымнан шығарылған, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Өткен демалыс күндері Азат Мақсұм Абу-Дабиде өткен UFC 321 турнирінің алдын ала кардында америкалық Митч Рапосомен кездескен болатын.
Бәсеке алдында қазақстандық файтер ең жеңіл салмақ лимитінен (56,7 кг) асып кетіп, қарсыласының пайдасына өз гонорарының 30 пайызын төлеуге мәжбүр болды. Ал жекпе-жек кезінде төрешілер ескерту беріп, Азаттан тағы бір ұпай шегерді. Нәтижесінде жеңіс америкалық спортшыға берілді.
Бұл жеңіліс Азат Мақсұм үшін үшінші рет қатарынан болған сәтсіздік еді. Осыған байланысты оны UFC ұйымынан шығару қаупі туындаған болатын, енді ол ресми түрде расталды.
Айта кетейік, 30 жастағы қазақстандық спортшының кәсіби ММА-де 15 жеңісі мен 3 жеңілісі бар.