фото: "Астана" футбол клубының баспасөз қызметі. Суретте: Григорий Бабаян
"Астана" футбол клубының бас бапкері Григорий Бабаян алматылық "Қайратқа" қарсы шешуші матчтан кейін баспасөз мәслихатында ойынның нәтижесі мен маусым қорытындысы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Кеше, 26 қазанда өткен Қазақстан Премьер-лигасының соңғы, 26-турындағы кездесуде "Қайрат" өз алаңында "Астанамен" 1:1 есебімен тең түсіп, чемпиондық атағын қорғап қалды. Ал "Астана" турнир кестесінде екінші орынға тұрақтады.
"Маусымның соңғы ойыны болатын, қиын болатынын білдік. Чемпионаттың ең мықты екі командасы кездесті. Ойынның басында "Қайраттың" айқын сәттері болған жоқ, біз жылдам гол соқтық. Бірақ кейін қарсылас қысымды арттырды. Қорғаныста бір сәтке қателікке бой алдырдық, Дастан Сәтпаевтың жылдамдығы да әсер етті. Соңына қарай алмастырған ойыншылар арқылы ойын ырғағын өзгерткіміз келді. Соңғы сәтте айқын мүмкіндік болды, өкінішке қарай, доп бағанға тиіп, чемпиондықтан айырылдық", – деді Бабаян.
Бапкер өз командасының чемпиондықтан айрылғанына қатты қынжылғанын, алайда "Қайратты" лайықты жеңісімен құттықтайтынын айтты.
"Жанкүйерлерімізге үлкен рақмет айтамын. Олар бүгін ерекше қолдау көрсетті. Осындай атмосфера еліміздің барлық қаласында болса екен деймін. Біздің жанкүйерлер мұны әбден лайық", – деді ол.
Сонымен қатар Бабаян соңғы аптада "Астанаға бағытталған қысым мен сынның күшейгенін" де айтты. Әсіресе "Ақтөбемен" болған 5:3 есебімен аяқталған ойында командаға айтылған айыптауларға тоқталды.
"Қайратқа" дейінгі матч алдында "Астанаға" қарсы ерекше хейт болды. Не болса, соны жазды – "ойынды сатып жіберді", "қақпашылар әдейі өткізді" дегендер шықты. Мұның бәрі жалған ақпарат. "Ақтөбені" жеңіп, бірінші орынға шыққаннан кейін де бізге қарсы қысым жалғасты. Қос стандарт байқалды: біз бес гол соқсақ – "келісілген ойын" дейді, ал "Қайратқа" бес гол соққанда – қақпашыға көлік сыйлайды. Біз мұның бәрін сезіндік, бірақ қысымға төтеп беруді үйренуіміз керек", – деді бапкер.