"Еркек бос болса, әйел бытырай бастайды" – Қанат Исламның бір ауыз сөзі

"Еркек бос болса, әйел бытырай бастайды" – Қанат Исламның бір ауыз сөзі

фото: instagram.com/islamkanatqazaq. Суретте: Қанат Ислам

Сені теледидардан көрсетпейді, Генаны көрсетеді дейді. Мен айтамын Генаның кәсіпқой боксқа барғанына 10 жыл болды, маған үш-ақ жыл болды. Ол да 7-8 жылын қарапайым болып, атақсыз өткізді. 2012 жылы мен шетелге кетейін деп жүрген кезде, Генаның өзі Астанадағы бір ағаларымыздан көмек сұрап жүрді. Ол да өте көп қиындықтарды өткерді. Елін, жерін сағынды, тіпті соттасты. Ал Гена көрген қиыншылықтардан өтпей сондай атақ-абыройға лайықпын деп ойлау әбестік.

Колумбия, Доминикан сияқты елдерге де бардым бокстасуға. Ол жақта жүріп-тұру өте қиын. Өміріңе қауіп төнеді. Сырт жақта промоутерім мен бапкерлерім тіпті керісіп те қалып жатты. Сенің атағыңды күшпен болсын тартып алғысы келетіндер болады. Қастандық істеуі де мүмкін. Мені тіпті қонақүйге апарып, одан бір нөмірден екінші нөмірге ауыстырып әуреге түскен кездері де болды. Қауіпсіздік үшін ғой. Боксшы соның бәрінен өту керек.

Менің боксшы болуым – ағам Ерланның арманы еді. Ол менің чемпион болуымды қатты армандады. Ал әкем болса мені молда қылмақшы болыпты. Бірақ, тентектеу болып өстім де, спортқа кетіп қалдым. Ағам жігіт адам мынадай болу керек деп, ақылын аямай миыма құйып өсірді. Алғашқы бапкерім Дамир Буданбеков, одан соң Нұрғали Сафиуллиннен, Ғалым Кенжебековтен тәлім алдым. Өзімді бақытты боксшымын деп есептеймін. Егер осы кісілер ұстаз болмағанда ауылда қарадомалақтардың бірі болып жүретін едім.

Бізде ең биік шың – Олимпиада, одан кейін бітті, құлайсың деген ұғым сіңіп қалған. Олимпиада чемпионы болған жігіттер өздерін жоғалтып жатады. Егер, Ермахан, Мұхтархан ағаларымыз кәсіпқой боксқа бет бұрғанда, онда күллі әлем қазір қазақты бокстан мойындап отырар еді. Олардан жеңілген талай боксшы, қазір кәсіпқой бокста атой салып жүр. Жасыңның 30-дан асқаны еш кедергі болмауы тиіс. Мен қазір 32-демін. Кезінде ата-бабаларымыз жауға шапқанда, қой 30-дан асып қалыппыз, енді сендер шабыңдар деген жоқ ғой. 70-ке дейін жекпе-жекке шыққандар болды. Шалмын десең отызыңда шал боласың. Америкада 50 жасқа дейін бокстаса береді. Бұл тәрбиенің қателігі. Бізде боксшылардың барлығы әуесқой боксқа қатты берілген. Қай жасқа келсең де бірқалыпты жағдайды ұстауға тырысу керек. Жігіт адам бір жеңіліспен жерге кіріп, бір жеңіспен аспанға шықпауы тиіс.

Марқұм ұстазым айтатын жігіт адам сылтау айтпау керек деп. Қателессең мойында, болмаса қателеспе. Жігіт адам бірінші өзіне жауап беру керек. Сосын барып, жарына, отбасына жауап береді. Ұлт үшін ештеңе істемей-ақ қойсын, өзін дұрыс ұстаса болды. Қарындастарға дұрыс тәрбие бере алсақ, олар да ешқайда кетпейді. Еркек бос болса, әйел бытырай бастайды жан-жаққа. Кезінде тіпті басқа ұлттармен жүрген қазақ қызын көрсе, жігіттер шапалақпен бір тартып, қызды үйіне қуып жіберген ғой. Қазір бірдеңе айтсаң, ізіңнен арыз жазып шыға келеді. Жігіттер, әр қызға, ана, қарындас, жар деген көзқараспен қарау керек. Ертең үйленсең өзіңнің де қызың болады, ол да бойжетеді деп кеңінен ойлану қажет.

Мақсатым – дүние табу болса, талай мүмкіндік болды. Бизнесмен болып кетуге де жолдар шыққан. Бірақ, менің мақсатым ол емес, мақсатым өзім армандаған биікке жету болды. Америкаға барып бір тиын тауып көрмеппін. Дүние жисаң жия бересің. Бірақ, қазақ та өзінің ұлдары, атақты адамдары арқылы мақтанғысы келеді. Мен сол үдеден шыққым келеді. Мен арқылы ұлт кеудесін мақтаныш кернеп жатса бұдан асқан байлық жоқ. Әу баста кәсіпкер Бауыржан Оспанов ағамыз қолдап, айлық қойып берген. Сол айлықпен күнімді көріп жатырмын. Енді-енді боксшылардан қаржылық келісім-шарттар келіп жатыр.