фото: Jeff Bottari/Zuffa LLC via Getty Images. Суретте: Азат Мақсұм
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Азат Мақсұм (15-3) сенсациялық жеңілістен кейін UFC ұйымының тізімінен шығарылды деген хабар тарады. Бұл туралы танымал спорт сарапшысы әрі Half The Battle Podcast подкастының жүргізушісі Дэниел Леви мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
25 қазанда Абу-Дабиде өткен UFC 321 турнирінде Азат Мақсұм америкалық Митч Рапосоға (9-3) қарсы жекпе-жек өткізіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен ұтылды. Бұл жеңіліс қазақ спортшысының UFC-дегі төрт жекпе-жегінің ішінде үшіншісі болды.
"Азат Мақсұм UFC-ден шығарылды", – деп жазды Леви өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында.
Төрешілердің шешімі бойынша Тони Уикс пен Клеменс Вернер кездесуді 29-27, ал Бен Картлидж 30-26 есебімен америкалық файтердің пайдасына бағалады. Үшінші раундта Азат Мақсұмның еншісінен бір ұпай алынып тасталды.
Айта кетейік, бұл жекпе-жек алдында Азат Мақсұм жеңіске басты үміткер саналған еді, алайда күтпеген нәтиже оның UFC-дегі болашағына күмән туғызды.