Осы жұрт Ақмаралды біле ме екен?

Осы жұрт Ақмаралды біле ме екен?

ОСЫ ЖҰРТ АҚМАРАЛДЫ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?!
Білгенде қандай...
"Айтыстың Ақмаралы" десе елең етпейтін қазақ жоқ. Ақмарал Леубаеваның есімі өткен ғасыр деп еншіленетін сексенінші жылдардың аяғы мен бүгінгі таңның алагеуім шағы-нақтырақ айтқанда 2010-15 жылдарға дейін дүркіреп тұрды. Еркекше мінезімен, кесек ойымен, ойлы әзілімен, салмақты сөзімен сахнадан ойып тұрып орын алды. Ақпараттық технология дамыған заманда кез-келген оқырман интернеттен тауып қарай алады.Талай-талай сөз майданында лайықты бағаланды.Тек соңғы кезде ұмытыңқырап қалғанымыз болмаса. Оған әртүрлі себеп бар шығар. Уақыт талабы айтыс сахнасына жаңа толқынды, тегеурінді лекті, жалынды жастарды қажет деп тапты. Нәзік жүректі ақынды Алла аз сынағына алған жоқ. Тағдырлы талант қазір Шымкентте тұрады.
Менің айтайын дегенім-Ақмарал апамыздың ғажайып композитор екенін әййй, ешкім біле бермейді-ау...
Әйгілі "Махаббат бекетіне" белгілі бір деңгейдегі сазы арқау болған "Гүлназым" деген сұлу да сырлы әннің авторы-осы Ақмарал Леубаева. Шығу тарихы да қызық. Студент кезінде Гүлназым атты әпкесінің үйінде тұрып оқиды. Сол әпкесіне отбасылы бір азамат өлердей ғашық болады. Бұл-1988 жыл яғни Ақмаралдың 2 курста оқитын шағы. Бір күні студент Ақмарал үйіне келсе есік алдында еңкілдеп жылап отырған жүрегі жаралы әлгі азамат отырады.
"Бақытты да емеспін, бақытсыз да емеспін, балдызжан" деген өксік аралас бір ауыз сөзі осы әнге себеп болды" дейді автор.
Қандай оқиғалы туынды десеңші. Әйтпесе қазір өз басынан өтпеген хикаяларды шамамен шумақтап шығара беретін "жұлдыздар" көп қой.
Ең қызығы-келесі бір әнді бүкіл қазақ даласы қосыла шырқады. Әсіресе қайырмасы тез жатталатын "Қуанышым -қазынам,
Қабағыңнан наз ұғам
Таратайын халқыма,
Өзің жайлы жазып ән" деген туындының да авторы осы Ақ апам.
Ал, не дейсің?
Өзі ақын, өзі айтыскер, өзі әнші, өзі композитор...
Қатардағы көп шуылдақтың бірі емес, сөзге де, сазға да талғампаз дарын иесі аман жүрсін, ғұмырлы болсын!!!
Бауыржан Халиолла

Admin
Admin
Автор