Қазақ боксының аңызы Головкин ел асыға күткен шешімді қабылдады

Қазақ боксының аңызы Головкин ел асыға күткен шешімді қабылдады

фото: olympic.kz. Суретте: Геннадий Головкин

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы және Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясы World Boxing президенті қызметіне ресми кандидаттар тізіміне енгізілді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Қазақстан ҰОК-нің мәліметінше, жаңа президентті сайлау 23 қараша күні Рим қаласындағы World Boxing конгресі аясында өтеді. Сондай-ақ осы жиында федерацияның Атқарушы комитетінің жаңа мүшелері де сайланбақ. Сайлауға бүгінде WB құрамына кіретін 125 елдің өкілдері қатысады.

World Boxing – 2023 жылдың сәуір айында құрылған халықаралық бокс федерациясы. 2024 жылдың қыркүйегінде Геннадий Головкин ұйымның Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып тағайындалған еді.

Оның негізгі міндеттерінің бірі – боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтау және World Boxing ұйымының Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) тарапынан ресми мойындалуын қамтамасыз ету.

2025 жылдың ақпан айында ХОК World Boxing федерациясын уақытша мойындап, оған әлемдік деңгейде бокс спортын үйлестіру құқығын берді. Ал наурыз айында Олимпиада комитеті боксты 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада бағдарламасына ресми түрде енгізу туралы шешім қабылдады.

Геннадий Головкин – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2004 жылғы Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2003 жылғы әлем чемпионы.

Кәсіпқой рингте ол IBF (2015-2018, 2019-2023), IBO (2011-2018, 2019-2023) және WBA (2010-2018, 2022-2023) нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанды. Головкин қатарынан 23 кездесуін нокаутпен аяқтап, орта салмақтағы ең жоғары нокаут пайызымен Гиннестің рекордтар кітабына енген.