фото: instagram.com/f.c.kairat. Суретте: Шерхан Қалмырза
Бүгін, 24 қазанда Алматыда футболдан бірінші лига командалары арасындағы чемпионаттың 26-тур ойыны өтті. Онда жергілікті "Қайрат-Жастар" командасы мен астаналық "SD Family" ұжымы кездесті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бұл ойында алматылықтардың қақпасын 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмырза қорғады. Ол жақында ғана "Қайраттың" негізгі сапында өнер көрсетіп, тіпті УЕФА Чемпиондар лигасында ойнаған еді.
Матч барысында жас қақпашы сенімді ойнап, командасы 4:0 есебімен алға шыққан. Алайда ойынның 83-минутында күтпеген дүние болды. "SD Family" командасының ойыншысы Артур Дадаханов допты тікелей алаң ортасынан тебіп, қақпаға дәл түсірді. Шерхан бұл соққыға дайын болмай, ерекше гол өткізіп алды.
Көпшілік бұл голды бірінші лига маусымындағы ең әдемі голдардың бірі деп бағалады. Ал жас қақпашы үшін бұл сәт – болашақтағы үлкен тәжірибеге айналатыны анық.
Матч соңында "Қайрат-Жастар" командасы қарсыласын 5:1 есебімен жеңді.