фото: Alcoba Beitia/Getty Images. Суретте: Елена Рыбакина
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Токиода өтіп жатқан WTA 500 турнирінің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Әлемдік рейтингте жетінші орында тұрған және турнирге екінші нөмірмен тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда Канада өкілі Виктория Мбокомен (әлемнің 23-ракеткасы) кездесті.
Кездесу екі сетке ғана созылып, екіншісі тай-брейкте аяқталды. Рыбакина қарсыласын 6:3, 7:6 (7:4) есебімен жеңді.
Матч жалпы 1 сағат 26 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Елена 5 эйс жасап, 1 қосар қателік жіберіп, 3 брейк-пойнттың бірін жүзеге асырды. Ең бастысы – өз геймін бір де бір рет қарсыласына бермеді.
Жартылай финалда Елена Рыбакина Чехия өкілі Линда Носковамен кездеседі. Ол әлемдік рейтингте 17-орында және турнирге алтыншы нөмірмен тіркелген. Матч 25 қазанда өтеді.
Айта кетейік, жартылай финалға шығуының арқасында Елена Рыбакина WTA финалдық турниріне қатысу құқығын иеленді. Ол Эр-Риядта өтетін додаға жолдама алған сегізінші теннисші атанды. Бұл жолдаманы алу үшін Рыбакина ресейлік Мирра Андрееваны артта қалдырған.