Әлем чемпионы атанған боксшыларға қатысты жағымсыз хабар мәлім болды

Әлем чемпионы атанған боксшыларға қатысты жағымсыз хабар мәлім болды

фото: Ақорда

Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов пен ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Асқар Еркебаев 2026 жылға арналған құрамды жасақтау тәртібі мен басты қағидалар туралы айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.

"Қазіргі таңда Қазақстан чемпионаты аяқталды. Соның нәтижесінде бапкерлер жаңа құрамды жасақтады. Әр салмақта орта есеппен 4-5 боксшы, ал кейбір категорияларда 3-4 спортшыдан бар. Келесі жылы біздің күнтізбеде көптеген жарыс жоспарланған, соның ішінде Дүниежүзілік кубоктың төрт кезеңі өтеді. Әр спортшы өз мүмкіндігін көрсетуге ие болады. Кім жақсы нәтиже көрсетіп, Азия ойындарына дейін бабында болса – сол жолдама алады. Егер бірнеше спортшының көрсеткіші тең болса, олардың арасында бақылау спаррингі өтеді", – деді Мерей Ақшалов.

Ал Асқар Еркебаев кейбір боксшыларға ескерту жасады.

"Кейбір спортшылар жақсы нәтиже көрсетіп, "енді мен чемпионмын" деп ойлауы мүмкін. Бірақ олай емес. Президент бұл мәселеде нақты талап қойды – турнирлерге тек үздік дайындық деңгейін көрсеткен, нақты жарыс алдындағы бабында жүргендер ғана барады. Бұрынғы жетістік енді шешуші рөл атқармайды", – деді ол.

Айта кетейік, қыркүйекте Ливерпульде өткен World Boxing әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 7 алтын медаль жеңіп алған болатын. Чемпиондар қатарында Санжар Тәшкенбай (50 кг), Махмұд Сабырхан (55 кг), Төрехан Сабырхан (70 кг), Айбек Оралбай (+90 кг), Алуа Балқыбекова (51 кг), Аида Әбікеева (65 кг), Наталья Богданова (70 кг) бар.