фото: Сали Сабиров / ҰОК. Суретте: Нұрбек Оралбай
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Асқар Еркебаев Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегері Нұрбек Оралбайдың қазіргі жағдайы мен құрамадағы болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Нұрбек Оралбай әлем чемпионаты кезінде белінен жарақат алған болатын. Ол World Boxing турнирінде үш жекпе-жек өткізді, оның екеуіне жарақатпен шықты. Осы уақыт ішінде ем қабылдап, Қазақстан чемпионатына дейін толық қалпына келе алмады. Ешқандай артықшылық берілмейді. Оның 2023 жылғы әлем чемпионы және 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері болғаны – өткеннің еншісінде. Егер ол 80 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын ірі халықаралық турнирлерде қорғағысы келсе, алдымен бақылау спаррингтерінен өтіп, өз орнын дәлелдеуі керек. Тек содан кейін ғана ұлттық құраманың сапына қайта оралуы мүмкін", – деді Еркебаев.
Айта кетейік, қыркүйекте World Boxing әлем чемпионатында Нұрбек Оралбай 80 келіге дейінгі салмақта жартылай финалға жолдама үшін өткен жекпе-жекте өзбекстандық Жавохир Умматалиевке төрешілердің шешімімен есе жіберген еді.