"Білім саласына өзгеріс емес, "төңкеріс" керек": Танымал ұстаз үлкен үндеу жасады

"Білім саласына өзгеріс емес, "төңкеріс" керек": Танымал ұстаз үлкен үндеу жасады

фото: ашық дереккөзден

Белгілі тіл маманы әрі белсенді ұстаз Бекзат Аймақов білім беру жүйесіндегі бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамға үндеу жасады, деп хабарлайды Democrat.kz.

Ұстаздың айтуынша, ең өзекті сұрақтардың бірі – мектепте қазақ тілін оқыған оқушылардың қазақша еркін сөйлей алмауы. Ол бұл түйткілдің бір себебін Ұлттық бірыңғай тестілеудегі әділетсіздікпен байланыстырды:

"Ұлттық" деген аты бар Ұлттық бірыңғай тестілеуде ұлттың тілі жоқ. Өзге тілді мектептердің түлектері бұл маңызды емтиханда қазақ тілінен тест тапсырмайды. Мемлекеттік тілге талап қойылмайтын жерде “ұлт тілі” жайлы айту мүмкін бе?" – дейді ол.

Бекзат Аймақов сондай-ақ оқушыларға арналған түрлі байқаулардың ұйымдастырылу сапасын да сынға алды:

"Абай оқулары", "Шәкәрім", "Мағжан" сияқты сайыстар өте көп. Бірақ жеңімпаздарға небәрі 50 теңгелік қағаз грамота береді. Сонда мұндай жарыстарға арнайы қаражат бөлінбей ме? Егер бөлінсе, ол ақша қайда кетеді?" – деп жазды ұстаз.

Оның айтуынша, әсіресе ауыл мұғалімдері балаларды жарыстарға өз қаражатымен апарып, жол және тамақ шығынын өздері көтеріп жүр. Бұл мәселе көптен бері шешімін таппай келеді.

Бекзат Аймақов сондай-ақ білім саласындағы жыл сайын өзгеретін, бірақ мазмұны бір бағдарламаға да сын айтты:

"Жыл сайын жаңа бағдарлама қабылданады, бірақ оның сапасы мен нәтижесі көңіл көншітпейді. Шын мәнінде, білім сапасы артып, қоғамның сауаты өсіп жатыр дей аламыз ба?" – дейді ол.

Мұғалімнің сөзінше, жүйелі өзгеріс жасау үшін косметикалық реформалар жеткіліксіз:

"Білім саласына өзгеріс емес, төңкеріс керек! Барлық деңгейде жемқорлық жайлаған. "Адал азамат" бағдарламасы – абсурд. Балалардың болашағын ұрламаңдар!" – деп түйіндеді ұстаз өз жазбасында.

Admin
Admin
Автор