Түркі әлемінің даңқты перзенті Мұстафа Өзтүріктің қызы – Неслихан Өзтүрік әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа видео жариялады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Міне, менің Отаным… Әкем бұл елге өмірін ғана арнаған жоқ, ол осы ел үшін жанын да қиды – жан-тәнімен сүйген елі. Аз ғана уақыт болса да, жүрегім бұл елдің – менің мәңгілік үйім екенін сезді", – деді Неслихан Өзтүрік.
Еске сала кетейік, атақты таеквондо шебері, қазақтың батыр ұлы Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік жақында Абай облысына арнайы сапармен келген еді.
Мұстафа Өзтүрік – түркі әлеміне кеңінен танылған таеквондо шебері әрі Қазақстанда осы спорт түрінің дамуына жол ашқан тұлға. Ол 1954 жылы Түркияда дүниеге келіп, жастайынан шығыс жекпе-жегіне қызығушылық танытқан. Кореяда білім алып, кейін Қазақстанға келіп, таеквондоны насихаттады. Өз еңбегімен ұлттық спорт мәдениетінің қалыптасуына үлес қосып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Мұстафа Өзтүрік қазақ жастарын рухани да, дене тұрғысынан да шыңдалуға үндеген ұлтжанды тұлға ретінде ел есінде қалды.