Сәкен әлде Махмұд? Келесі Олимпиадаға баратын боксшы анықталды

Сәкен әлде Махмұд? Келесі Олимпиадаға баратын боксшы анықталды

фото: sportinside.kz коллажы. Суретте: Махмұд Сабырхан мен Сәкен Бибосынов

Семей қаласында бокстан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. 55 келіге дейінгі салмақта 2021 жылғы әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Дегенмен, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Sportarena.kz-ке берген сұхбатында бұл салмақтағы бірнеше боксшының өнерін талдап, өз пікірін білдірді.

"55 келі салмақта мен ең алдымен жас спортшы Бексұлтан Боранбекті атап өткім келеді. Өткен жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған ол үшін бұл – ересектер арасындағы алғашқы маңызды турнир. Жартылай финал көрсеткендей, оған әлі көп нәрсені үйрену керек, жетілдіретін тұстары бар. Бірақ әлеуеті зор", – деді бапкер.

Сонымен қатар Тұрсынғали Еділов финалға шыққан екі боксшыны да жоғары бағалады.

"Нұрсұлтан Алтынбек қазір мықты деңгейге жетті. Ол ешкімнен қорықпайтын, батыл және шабуылда алуан түрлі амал қолданатын боксшы. Ал Сәкен Бибосынов та жаңа, ауырлау салмақта жақсы нәтиже көрсетті. Қарсы шабуылда шебер жұмыс істейді. Мен төрешілердің шешімін талқыламаймын, бірақ екі боксшы да жоғары деңгей көрсетті", – деп атап өтті ол.

Бапкердің айтуынша, қазір Сәкен Олимпиадалық салмақта екінші нөмірлі боксшы болып тұр, себебі дәл осы санатта Махмұд Сабырхан бар.

"Махмұд Ливерпульде бәріне өзінің кім екенін дәлелдеді. 55 келі – оған ең қолайлы салмақ. Онда жылдамдық та, соққы да, физикалық күш пен техника да бар. Сондықтан Сәкен екеуі кездессе, менің ойымша, Сабырхан жеңіп кетер еді. Бірақ егер былтыр Махмұд 51 келіге түскенде, онда Сәкен сөзсіз басым болар еді. Әркімнің өз салмағы бар", – деді Тұрсынғали Еділов.