фото: Сали Сабиров. Суретте: Асланбек Шымбергенов
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов ел чемпионатына қатыспаған жалғыз спортшы – Нұрбек Оралбай екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Біз тек Нұрбек Оралбайды жарыстан босаттық. Себебі ол әлем чемпионатында жарақат алған – бел омыртқасында аз-кем ауырсыну бар. Ол барлық қажетті медициналық анықтамалар мен құжаттарды әкелді. Мен оларды мұқият тексеріп, содан кейін ғана рұқсат бердім. Мен спортшылар үшін алаңдаймын, өйткені егер олар құрамаға енбесе, жалақы алмай қалады. Бірақ Нұрбектің өз шәкіртақысы бар, себебі ол Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Басқа ешкімді мен босатпадым", – деді бас бапкер.
Қазақстан чемпионатына тәжірибелі боксшылар – Қамшыбек Қоңқабаев пен Асланбек Шымбергенов қатысуы тиіс болған. Сондай-ақ, 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қатысушысы, әлем чемпионатына Ливерпульде қатысқан Бекзад Нұрдәулетов те турнирге келмеген.
Айта кетсек, Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, 2026 жылға арналған ұлттық құраманың құрамы ел чемпионаты мен 2025 жылы Ливерпульде өтетін әлем чемпионатының нәтижелері бойынша анықталады.