фото: ашық дереккөзден
Шетел асып, тағдыр жазуымен АҚШ-қа кеткен қазақ азаматы Сардар (Поль) Бэбкок өз отбасын іздеу тарихымен көпшілікке танылған еді. Енді, міне, ол жаңа өмірлік белеске қадам басты.
Ол жуырда үйленіп, әлеуметтік желіде өз қуанышын достарымен және отандастарымен бөлісті. Қазақ қоғамына алғашқылардың бірі болып бұл хабарды журналист Жанар Байсеміз жеткізді.
"Біздің Сардар үйленді! Жас жұбайлар бақытты болсын! Естеріңізге сала кетейін, Сардар "Шетелдегі қазақ балалары" бағдарламасының кейіпкері болды. Біз Сардармен ЮТА штатында жолықтық. Кейін өзі туған анасын іздеп, Қазақстанға келді. Өз тарапымыздан біз де іздеу жұмыстарын жүргіздік. Көп іздедік. Өкінішке қарай, таппадық. Қаншама шетел асқан баланың аналарын, әкелерін тауып бердік. Алайда Сардардың биологиялық анасы құмға сіңген тамшыдай жоқ болды. Сардардың анасын іздеп жатқан кезімізде оның қарындасының туған анасын тауып алдық. Олар табысты. Енді, міне, "анамды табамын" деген арманына жете алмаса да, аяулы жарын жолықтырыпты. Келініміз үріп ауызға салғандай сұлу екен. Сардар, шын жүректен бақыт тілеймін. Сен менің жүрегімдесің. Құрған отауың берік болсын! Сен нағыз азаматсың. Ал, құрметті оқырмандарым, Сардарға жақсы тілек жазыңыздар. Ол бақытты болуға лайық", – деп жазды Жанар Байсеміз.