Кезінде "курьер" болған боксшымыз ел чемпионатының финалына шықты

Кезінде "курьер" болған боксшымыз ел чемпионатының финалына шықты

фото: Нұрғали Жұмағазы/Спортты дамыту дирекциясы. Суретте: Ертуған Зейнуллинов

Алматы облысының боксшысы Ертуған Зейнуллинов Семейде өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионатының жартылай финалында Жамбыл облысының өкілі Илья Калининмен кездесіп, сенімді жеңіске жетті, деп хабарлайды Sportinside.kz.

65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен жекпе-жек үш раундқа созылып, төрешілердің шешімімен (5:0) Ертуған Зейнуллиновтың пайдасына аяқталды. Осылайша, Ертуған Зейнуллинов ел біріншілігінің финалына жолдама алды, ал Илья Калинин жарысты қола жүлдемен тәмамдады.

Айта кетейік, Ертуған Зейнуллинов – 2024 жылғы Қазақстан чемпионы және 2025 жылы Софияда өткен "Странджа кубогының" финалисі.

Биылғы Қазақстан чемпионаты алғаш рет World Boxing ұйымының жаңа ережелері мен салмақ санаттары бойынша өтіп жатыр. Турнир ертең, 21 қазанда өз мәресіне жетеді.