"Өтірік айтпау – өмірлік ұстанымы болды" – Амангелді Сейітханның ұлына өсиеті

"Өтірік айтпау – өмірлік ұстанымы болды" – Амангелді Сейітханның ұлына өсиеті

фото: ашық дереккөзден. Суретте: Амангелді Сейітхан

Белгілі спорт журналисі, тележүргізуші Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан әкесі туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Оның айтуынша, әкесі өмір бойы адалдық, тәртіп пен жауапкершілікті басты қағида етіп ұстанған.

"Адам өзін тәртіпке бағындыра алуы керек. Таңғы жетіге оятқыш қойдың ба, жетіде тұр. Кез-келген жерге айтқан уақытыңда бар, ешкімнің уақытын алма" деп айтатын. Көлікте отырғанда радиодан ертегілерді қосып, кейін мазмұнын сұрайтын. Осылайша бізді ертегі мен кітап оқуға баулыды",– деп еске алады ұлы.

Оның айтуынша, Амангелді Сейітхан руханият пен шығармашылыққа ерекше құрметпен қараған адам болған. Қиын сәттерде Абайдың қара сөздерінен рухани демеу іздеп, айтыс өнерін үлкен ықыласпен тыңдайтын.

"Қазақ тілінің қоғамдағы орны биік болғанын армандайтын. Бізге қазақша сөйлеңдер деп айтып отыратын", – дейді ол.

Бегасылдың айтуынша, отбасында әкесінің сөзі – бұлжымас заң болған.

"Әкемнің әр шешімі бізге заң болатын. Ең бірінші кезекте адамда жауапкершілік болуы керек деп есептейтін. Бір тапсырма берсе, оған үлкен жауапкершілікпен қарап, бастаған істі соңына дейін жеткіз дейтін", – деді естелігінде.