фото: ашық дереккөзден
Қазақ мәдениетінің аса көрнекті тұлғасы, "Парасат" және "Отан" ордендерінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, профессор Юрий Аравин өмірден өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
Министр өнер иесінің отбасы мен жақындарына, шәкірттері мен әріптестеріне қайғыра көңіл айтты.
"Юрий Петровичтің есімі халқымыз үшін аса қадірлі. Ол қазақтың халық музыкасын кеңінен насихаттаған танымал тұлғалардың бірі еді. Ұлттық мәдениетке бар жан-тәнімен берілген азамат ретінде фольклорлық мұраларды жинақтау мақсатында көптеген ғылыми-шығармашылық экспедицияларға бастамашысы болды. Көптеген көне музыкалық туындыларды жаңғыртып, ғылыми жүйеге түсірді", – делінген жазбада.
Министрдің айтуынша, Юрий Аравин қазақ музыкасына, халық композиторлары мен ақындарының шығармашылығына арналған телерадио бағдарламалардың авторы болған. Ол ұлттық фольклордың терең мәнін ашып, тыңдарманға дәстүрлі музыканың бай әлемін жаңа қырынан танытқан.
"Юрий Петрович өз өмірін өнерге, ұлт мәдениетіне арнап, тұтас бір шығармашылық буынды тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болды. Қайраткердің жарқын бейнесі, руханиятымызға сіңірген өлшеусіз еңбегі халық жүрегінде мәңгі сақталады деп сенемін. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын", – деп жазды министр.
Айта кетсек, Юрий Аравин 1941 жылы 2 сәуірде дүниеге келген. Оның әкесі Петр Аравин де белгілі музыкатанушы болған.