Әлем чемпионатында өзбектен "жеңілмеген" боксшымыз ел біріншілігінің жүлдесін еншіледі

Әлем чемпионатында өзбектен "жеңілмеген" боксшымыз ел біріншілігінің жүлдесін еншіледі

фото: ҰОК. Суретте: Ертуған Зейнуллинов

2024 жылғы Қазақстан чемпионы Ертуған Зейнуллинов Семейде өтіп жатқан биылғы ел чемпионатының ширек финалында сенімді жеңіске жетті, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Алматы облысының боксшысы 65 келіге дейінгі салмақта Маңғыстау өңірінің өкілі Дилшат Нұрымды үш раундқа созылған жекпе-жекте төрешілердің шешімімен (5:0) жеңді. Бұл нәтиже Ертуған Зейнуллиновке жартылай финал жолдамасын және кем дегенде қола медальды қамтамасыз етті. Ал қарсыласы турнирді жүлдесіз аяқтады.

Айта кетейік, Ертуған Зейнуллинов биыл Софияда өткен "Странджа-2025" кубогының финалисі атанған.

Еске сала кетсек, 2025 жылғы Қазақстан чемпионаты World Boxing ұйымының жаңа ережелері мен салмақ дәрежелері бойынша өтіп жатыр. Турнир 21 қазанға дейін жалғасады.

Сондай-ақ қыркүйекте Ливерпульдегі әлем чемпионатында сынға түскен Ертуған Зейнуллинов ширек финалда өзбекстандық Асадхуджа Муйдинхуджаевпен қолғап түйістірген еді. Нәтижесінде төрешілер жеңісті бірауыздан (5:0)  Асадхуджа Муйдинхуджаевқа берді.

Алайда жекпе-жек барысында Ертуған Зейнуллинов бірінші нөмірде өнер көрсетіп, қарсыласына қыспақ көрсетті. Тіпті екінші раундтың ортасында Асадхуджа Муйдинхуджаев қазақ боксшысын ережеге сай емес тәсілмен ұрып жіберді. Бұл әрекеті үшін боксшыға ескерту берілмеді.