Бекзатты Олимпиада чемпионы еткен "қызыл майканың" құпиясы неде?

Бекзатты Олимпиада чемпионы еткен "қызыл майканың" құпиясы неде?

фото: inbusiness.kz коллажы

Бекзат Саттарханов – тек қана Қазақстан боксының емес, әлемдiк бокстың эталонын көрсеткен спортшы. Әттең, найзағайдай жарқ еттi де, ортамыздан кете барды. Өздеріңіз білетіндей Бекзат екеуміз де Австралия құрлығында өткен Олимпиадада чемпион атанып Қазақ елінің мерейін көтеріп тастаған едік. Финалдық бәсекелер болатын күні, әрдайым ағалап тұратын ол маған келіп: «Аға, бүгін сіз көк бұрыштан шығады екенсіз. Қызыл майкаңызды маған беріңізші» деді. Мен: «Ол саған үлкен ғой. Әрі онымен шыққанда саған ыңғайсыз болады емес пе?» дедім. «Жоқ, түк те ыңғайсыз емес. Мен рингке чемпионның майкасымен шыққым келеді» дегені. «Інім-ау, мен әлі чемпион емеспін ғой» деп таңырқағанымда ол: «Мен білемін, Сіз міндетті түрде чемпион боласыз» деді. Қазір ойлап отырсам Бекзат сол сөзімен тек өзін ғана емес, қобалжып тұрған мені де шыңдап тұр екен.

Сондықтан, менің Бекзат батырымызға деген алғысым шексіз. Ол ағаға – жақсы іні, ата-анаға – адал перзент бола білді. Оның қоғамдағы бағалануына келер болсақ, жуырда ол туралы түсірілген «Бекзат» деген көркем фильмнің көрсетілімі болып өтті. Жұртшылық бұл түсірілімді жылы қабыл алды. Менің ойымша бұл фильм бұдан ертерек түсірілуі керек еді. Себебі, оның жүріп өткен өмір жолын білу жастарға аса қажет. Ол 20 жаста да осындай үлкен белесті бағындыруға болатындығын көпшілікке дәлелдеп кетті. Бес жылдың ішінде Олимп шыңына шықты. Шындығына келгенде ол Қазақстан чемпионы болып та үлгермеген еді. Ол – алға ұмтылу мен еңбектенудің зор табысқа жеткізетінінің шынайы көрінісі болып кетті. Осынысымен ол біздің есімізде мәңгі қалады.

Ермахан Ибраимов.